• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Тамыз, 2016

Несібемізге Нобель бұйырмаған ба?

269 рет
көрсетілді

Бәрі өзімізден. Ниетімізден. Көңіліміз кең жайлау, бірақ жеме-жемге келгенде тістесіп қаламыз. «Өзіміз алмасақ алмайық, басқалар алсын» деген ұстанымымыз бар. Әйтпесе, басқада бар нәрсе бізде де бар. Дәл Э.Хэмингуэйді қайталап оқып жатқан кезде «Егемендегі» Бақтыгүл Маханбетова қарын­дасымды сұхбатқа тартқан «Тұңғыш әдеби агенттік» көзіме оттай басылды (29 шілде 2016 ж.). Ойы ұтқыр, ең бас­тысы, болашақта не істеу керектігін, бар мен жоқты бажайлап алға қоя білген. Талант жағынан ешкімнен кенде емеспіз, тек алға тартқан арбаның белортадан асқанда тарта алмай шегіншектеп қалатынын қайтерсің. Бұл – біз үшін ұлттық «үрдіске» айналған заңдылық болды. Орта Азияда Әуезов пен Айтматов бар, бірақ біртұтас әдебиетте басқалар оза шауып, өзіндігін көрсетеді. Хэмингуэйді әбден ежіктеп оқыдық. Мәскеу Әдебиет институтының проза семинарында бәрін де бүге-шігесіне дейін талдап, тәптіштедік. Әрине, әркімнің әлемдік проблемасы бар, бірақ көркемдігі жағынан алға тартып, оза шауып кеткен ешкімді көрмедік. Габриэль Маркес те, жапон Харуки Мураками де солай. Біздің М.Мағауин мен Ә.Кекілбайдың, С.Мұратбеков пен Д.Исабековтің айтар проб­лемасы да, шеберлігі де солардан бір де кем емес. Т.Әлімқұловтың «Ақбоз аты» бәрінен алға озып кетті, тек арбамыз жарты жолда шаң қауып қалғанына сырттай көз салып тұрмыз. Бұл жағына келгенде өзіміздің өзбектен көп нәрсе үйренсек болар еді, грузин мен армянның да ұлттық ауызбіршілікте талантқа көрсетер тағылымы зор. Көтеріліп отырған мәселе өте орынды. Ұлттық агенттік құрып, озық дүниелерді дер кезінде аударып, әлемдік деңгейге үлгі тұтып ұсынып отыру – уақыт талабы. Әдебиет оқылады, қазір нағыз әдеби дүниелердің оқылып, басқа әлемге қарай бет бұрар өліара кезеңі. Басқаға кетіп жатқан мүмкіндікті өзімізге жұмсасақ қой, шіркін. Тарта алмай тұрған терте төрт аяғын тең басып кетер еді. Басқаға кетіп жатқан демеушілікті қайран қазақ өзінің толғауы тоқсан қызыл тіліне жұмсаса, ұлт кемесі алға жылжып, әдебиеттің түйінді сөзі айтылар еді. Демеушілік – бүгінгі күнге тән қамқорлық көрінісі. Ақшаны босқа шашпай, болашағымызға жұмсасақ дейміз ғой. Қазақстандағы «Bestseller KZ» әдеби агенттігінің негізін қалаушының мына сөзі көкейге қонып тұр: «Жалпы, ұлттың ұстын-болмысын көрсететін әдебиетімізді өзге түгіл өзімізге насихаттау жоқтың қасы және авторлар еңбегінің бағалануы өте төмен. Қаламақыдан күдерлерін үзген жазушылар жанайқайы өз алдына бөлек әңгіме. Қазақ қаламгерлері шығармаларының әлемге таныстырылуы жақсы болса, аударылған шұрайлы дүниелер қайда?». Қайықтың толқыннан өтер кезі келді. Бәрі бірігіп, қайықты да, кемені де қол бұлғап қарсы алып, қошеметтеп шығарып салуымыз керек. Бұған біздің әдебиеттің қауқары жетеді. Әдебиетті насихаттау – бүгінгі өзекті мәселе. Қазір бір үрдіс қалыптасты, көгілдір экранды ашып қалсаң, үш адамның басын қосқан әнші – ансамбль, оған құшырлана қол соққан тобыр. Өнер керек-ақ, оу, қарасөздің күні өтіп барады ғой. Кітапханаларға көп жұрт бас сұқпайды, біз өзімізде барды жан-тәнімізді салып, сақтап қалатын күн туды. Мына қайсар қыз осындай кезеңде, тіпті, айтулы туындыларды аударып, әлемдік деңгейде «ұстап қалуымыз» керектігін проблема ғып алға қойып отыр. Баяғыда, КОКП XXIII съезінің мінбесінен сөз алған Михаил Шолоховқа қарап, Бас хатшы Л.И.Брежневтің қарқылдап күліп, қол шапалақтағаны есімізде. «Мы пишем от всего сердца, но сердце принадлежит партии» деген қаламгер сөзінің ар жағында әлі де айтылмаған шындық тұрды. Сонымен бірге, «Переводчики – почтовые проводники просвещения» деген Чехов сөзі де ойға оралады. Өйткені, бұл күнде аударма – атқа жегілген жолсеріктер екендігі өмірдің де, әдебиеттің де ақиқаты. Жолды да, пырақты да біз оң пайдаланып, жол үстінде жөнімізді тапсақ қой, шіркін. Қаламдас қарындасты құптаймын. Қазақ әдебиетінде, қазақ прозасында бүгінгі күн мәселесін қозғаған дүниелер аз емес. Қазақстан Жазушылар одағының проза кеңесі осы көкейкесті мәселе бойынша мәжіліс өткізіп, ел-жұрттың назарын аударуы керек. Тұңғыш әдеби агенттіктің өзіндік іс-жоспары жүзеге асып, үлкен-кіші, ел зиялылары құлақ түріп, халық қалаулылары да атсалысып, бас-көз болғаны жөн. Жұрт алып жатқан Нобель бізге де жат емес. Тек ниетіміз оң болсын. «Егеменнің» бастамасын құптаймыз. Шолохов күдіктене қарағандай, қазір жалғыз партияға бағынатын заман емес. Тәуелсіздік туын жай желбіретіп отырған жоқпыз. Бізде бәрі бар. Әлеует те, әдебиет те бар. Әуезов пен Айтматов шыққан топырақтан бәрі шығады, тек арбаның төрт доңғалағы тең болсын. Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы, Халықаралық Алаш және «Астана – Бәйтерек» сыйлықтарының лауреаты